Мас күйде қоғамдық орындарда жүру – полиция бақылауында: жыл басынан бері 6 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды

Мас күйде қоғамдық орындарда жүру – полиция бақылауында: жыл басынан бері 6 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды

Павлодар облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және алкогольге қарсы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға ерекше көңіл бөлуде. Жыл басынан бері алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйде келгені үшін 6583 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күн сайын «102» арнасына мас күйде жүрген азаматтар туралы бейжай қарамайтын тұрғындардан ондаған хабарлама келіп түседі.
– Мәселен, Украинская көшесінде полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде ұйықтап жатқан ер адамды анықтады. Тағы бір жағдайда Мәшһүр Жүсіп көшесінде, гараждардың қарсы бетінде жерде қатты масаң күйде жатқан ер адам табылды. Барлық жағдайда азаматтар Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Естерін жиғаннан кейін құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Полиция қоғамдық орындарға мас күйде келу қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, адамның өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіретінін еске салады. Заң талаптарын сақтау және айналадағы адамдарды құрметтеу – қауіпсіз әрі жайлы қоғамның негізі.