
Жаз мезгілінде көшелер мен аулаларда демалушылардың саны артып қана қоймай, мүліктік қылмыстардың жасалу қаупі де күшейеді.
2026 жылдың өткен кезеңінде Павлодар облысының аумағында велосипед ұрлығының 63 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті.
Велосипед ұрлығы мен айдап әкетудің негізгі себептерінің бірі – иелерінің өз мүлкіне немқұрайлы қарауы. Көптеген азаматтар велосипедтерін қараусыз қалдырып, оның сақталуын қамтамасыз ету үшін ешқандай шара қолданбайды. Көбінесе велосипедтер көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінен ұрланады. Көп жағдайда жасөспірімдер велосипедпен серуендеп келгеннен кейін оны баспалдақ алаңында қараусыз қалдырып, үйлеріне кіріп кетеді.
Жасалған қылмыстарды талдау көрсеткендей, велосипед ұрлығын көбіне сондай-ақ жасөспірімдер жасайды. Сонымен қатар, тұрғындардың өздері бейтаныс адамдарды кіреберіске кіргізіп жатады.
Велосипед ұрлығының бетін ашу барысында полиция қызметкерлері бірқатар қиындықтарға тап болады, бұл қылмысты жедел ашуды едәуір қиындатады. Велосипед иелері ұрлық туралы арыз берген кезде көбіне велосипед жақтауының (рама) нөмірін білмейді немесе оның техникалық төлқұжатын ұсына алмайды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция азаматтарға велосипедтерін аз уақытқа болса да қараусыз қалдырмауға, сенімді ұрлыққа қарсы құлыптарды пайдалануға және мүмкіндігінше екі дөңгелекті көлікті жабық үй-жайларда сақтауға кеңес береді. Егер кіреберісте күдік тудыратын немесе еш мақсатсыз жүрген бейтаныс адамдарды байқасаңыз, «102» нөміріне хабарлап, полицияға дереу мәлімдеуді сұраймыз.
Осы қарапайым кеңестерді ұстаныңыз. Өйткені қаскүнемнің жолындағы кез келген кедергі – сіздің мүлкіңізді сақтап қалуға мүмкіндік беретін уақыт.