
Павлодар облысының Полиция департаменті жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендету қажеттігін еске салады.
Жаяу жүргіншілер өткелі – автокөліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қиылысатын, қауіптілігі жоғары учаске. Соңғы сәтте көлікті тоқтату әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан жылдамдықты алдын ала азайту – жаяу жүргіншіні қағып кетудің алдын алудың ең тиімді жолы.
Жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 209 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 12 адам қаза тауып, 210 адам түрлі дене жарақатын алды, – деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
Жол қозғалысы қағидаларына сәйкес, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған жүргізуші жылдамдығын төмендетуге немесе көлігін тоқтатуға міндетті. Сонымен қатар жүргізуші жаяу жүргіншілердің жоқ екеніне және қозғалыстың толық қауіпсіз екеніне көз жеткізуі қажет.
Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Жаяу жүргіншілер өткелінде Жол қозғалысы қағидаларын сақтау – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілі.