
Павлодар облысының полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарының анти-рейтингін жасады.
– Біз 102 арнасы арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға талдау жүргізіп, ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлерін зерделедік. Биылғы жылы полицияға түрлі сипаттағы 736 шақырту келіп түсті, – деді Азамат Күркебаев, Павлодар облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы.
Анти-рейтингке облыс орталығындағы полиция шақыртулары ең көп тіркелген келесі ойын-сауық орындары енді: «Громче» бары – 65, «Альфа-Т» кафесі – 19, «Hudson» түнгі клубы – 18, «Гараж» клубы – 17. Сондай-ақ «JanymSoul» караоке-бары, «Достар», «Celentano», «Лотос», «Южный», «Полянка» кафелері мен «Огни» мейрамханасында әрқайсысында 16-ға дейін хабарлама тіркелген.
Полиция департаменті аталған мекемелердің әкімшіліктеріне құқық бұзушылықтардың орын алуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар жолдады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты мұндай жағдайларда қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Бұл қағида заң бұзушылық үшін жауапкершіліктің сөзсіз болатынын көрсетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.