Мурат Көжекенов: тұрғындардың сенімі – ең үлкен марапат

Мурат Көжекенов: тұрғындардың сенімі – ең үлкен марапат

Учаскелік инспекторлар көпшілік назарын аударатын қылмыстарды ашпауы мүмкін, алайда олар – тұрғындармен еш кедергісіз тікелей байланыста болатын полиция қызметкерлері. Азаматтар өздерінің мәселелерімен, мұң-мұқтажымен ең алдымен учаскелік инспекторға жүгінеді. Егер ол мәселені өз құзыреті аясында шеше алмаса, міндетті түрде қандай әрекет жасау керектігін, қайда жүгіну қажеттігін түсіндіреді. Полиция майоры Мұрат Жұматайұлы Көжекенов үшін мұндай өмір ырғағы бұрыннан қалыпты жағдайға айналған. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып, күн сайын өз әкімшілік учаскесіндегі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
Мамандық таңдау оның өмірінде кездейсоқ болған жоқ. Бұл шешімге әкесі – Жұматай Ақматұлы Көжекеновтің ықпалы зор болды. Ол он жылға жуық милиция органдарында қызмет еткен. Әкесінің қызметке деген адалдығы, жауапкершілігі мен өмірлік ұстанымы Мұрат үшін мамандық таңдаудағы басты бағдарға айналды.
2004 жылы Мұрат Жұматайұлы ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Қызмет барысында мол тәжірибе жинақтап, күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдауды, әрбір істі жан-жақты саралауды үйренді. Бүгінде полиция майоры Оңтүстік полиция бөлімінің №13 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік учаскесіне қызмет көрсетеді. Оның әр күні жедел ахуалды талдаудан, есепте тұрған азаматтарды тексеруден, тұрғындардың өтініштерін қараудан және әкімшілік аумақты аралаудан басталады. Күнделікті қызмет барысында отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды қарастырады, жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізеді, тұрғындармен кездеседі, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың тұрмысын тексеріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүзеге асырады.
Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғандықтан, учаскелік инспектордың жұмысы заңнаманы білумен қатар, азаматты мұқият тыңдай білуді, жағдайды әділ бағалап, заңды шешім қабылдай алуды талап етеді. Сондықтан тұрғындар өз учаскелік инспекторын жақсы танып, көмек сұрауға еш қысылмай жүгінеді.
– Нағыз учаскелік инспектор өз әкімшілік учаскесін картадан ғана емес, өмірде де жақсы білуі керек. Мұнда тұратын адамдарды танып, олардың қандай мәселелері бар екенін түсіну маңызды. Үйдің үлкендерімен, ұйым басшыларымен және белсенді тұрғындармен үнемі байланыста болған жөн. Халықпен өзара іс-қимыл неғұрлым тығыз болса, құқық бұзушылықтардың алдын алу соғұрлым тиімді болып, учаскедегі ахуал да тыныш болады, – дейді Мұрат.
Көп жылғы адал қызметінің арқасында Мұрат Жұматайұлы әріптестерінің құрметіне, тұрғындардың сеніміне ие болды. Оны кәсібилігі, жауапкершілігі, принципшілдігі және ең күрделі жағдайда да сабыр сақтай білетін қасиеті үшін жоғары бағалайды.
Учаскелік полиция инспекторының еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда дәл осы күнделікті профилактикалық жұмыс, тұрғындармен тұрақты қарым-қатынас және туындаған мәселелерді дер кезінде шешу қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізін қалыптастырып, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтады.