Мыңнан астам мал иесі жауапкершілікке тартылды

Мыңнан астам мал иесі жауапкершілікке тартылды

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – қараусыз жайылып, автожолдарда еркін жүретін үй жануарлары. Мұндай мал тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында жол бойында кедергісіз жүріп, жол қозғалысына қауіп төндіреді.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жақында полицияға Атамекен – Ертіс – Ресей Федерациясы бағытындағы автожолдың бойында қараусыз жүрген бір үйір жылқының жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екені туралы хабарлама түскен.

– Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жылқылардың иесін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мал арнайы айып тұрағына қамалды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.

Полиция автожолдарда қараусыз жүрген жануарларды байқасаңыз, 102 арнасына дереу хабарласуға шақырады. Тәртіп сақшылары анықталған малды иесі белгілі болғанға дейін уақытша ұстау орнына жеткізеді. Ал малды жаю қағидаларын бұзған иесіне әкімшілік айыппұл салынады. Жыл басынан бері мал жаю қағидаларын сақтамағаны үшін 1074 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мал иелерін төрт түлікті қараусыз жібермеуге, жайылымды бақылауда ұстап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.