
Павлодар облысы Полиция департаментінің кинологиялық орталығы қылмыспен күрес ісіне елеулі үлес қосып, түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және ашу жұмыстарында маңызды рөл атқарып келеді. Қызметтік иттер әлі де қару-жарақ пен есірткі заттарын анықтаудың ең тиімді құралдарының бірі болып саналады. Сонымен қатар олар ауыр қылмыстарды ашуға да айтарлықтай көмектеседі.
Павлодар облысы ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиевтің айтуынша, бүгінде орталықта 16 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың көмегімен 862-ден астам шақыртуға шығу қамтамасыз етіліп, 129 қылмыс ашылған. Төрт аяқты полицейлердің жетістігінің артында кинолог мамандарының үлкен еңбегі жатыр. Иттер күн сайын жаттықтырылады. Олар иесінің әрбір қимылына лезде жауап береді. Жаттығу бірнеше кезеңнен тұрады, соның нәтижесінде қызметтік иттердің қажетті дағдылары қалыптасады. Әр иттің өз мамандануы бар және олар өз бағыты бойынша кәсіби дайындықтан өткен.
Өткен жылы қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымға түсуі мүмкін шамамен екі келі есірткі затының жолы кесілді.
– Әрбір полиция кинологының басты міндеті – қызметтік итті оқиға орындарында немесе жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде қолдануға әрдайым дайын болу. Біздің қызметте кездейсоқ адамдар болмайды, өйткені жұмысымыздың негізінде жануарларға деген сүйіспеншілік жатыр. Еңбекқорлық, сабырлылық, бастамашылдық, жауапкершілік пен ұқыптылық – адам мен иттің үйлесімді жұмыс істеуі және қызметтік міндетті тиімді орындауы үшін аса қажет қасиеттер, – деді Нияз Валиев.
Кинологиялық оқу орталығында жануарлардың денсаулығын ветеринар мамандар тұрақты бақылауда ұстайды. Қызметке іріктелетін әрбір ит арнайы талаптар бойынша бағаланады. Кинологтар күн сайын өз серіктерімен жаттығу өткізіп, алдымен жалпы дайындық курсынан өткізеді, кейін оларды іздестіру қызметіне қажетті арнайы машықтарға баулиды. Қазіргі уақытта қылмыстарды анықтау мен ашу барысында қызметтік иттерді қолданудың тиімділігін арттыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деп түйіндеді спикер.