Шах және мат: павлодарлық полицей Senat Open турнирінде алтын жүлдеге ие болды

Шах және мат: павлодарлық полицей Senat Open турнирінде алтын жүлдеге ие болды

Астана қаласында республикалық Senat Open шахмат турнирінің финалы өтті. Турнир зияткерлік шеберлікті, стратегиялық ойлау қабілетін және мінездің мықтылығын бағалайтын әуесқойларды бір арнаға тоғыстырды. Тартысты партиялар мен интеллектуалдық бәсекенің қорытындысы бойынша жоғары дайындық деңгейін көрсеткен Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Арман Аубакиров күштік құрылымдар өкілдері арасында үздік атанып, алтын жүлдені жеңіп алды.

– Шахмат мені әрдайым өзіне тартып келеді. Өйткені бұл ойында шеберлікпен қатар, сабыр сақтай білу, әрекеттеріңді бірнеше қадам алға жоспарлау және қарсыласыңа құрмет көрсету маңызды. Бұл жеңіс мені жаңа жетістіктерге жетуге және өзімді одан әрі жетілдіруге жігерлендіреді, – деді Арман Аубакиров.

Жоғары нәтиже оның кәсібилігін, мақсаткерлігін және тек қызмет барысында ғана емес, шахмат тақтасында да салмақты шешім қабылдай білетіндігін айқын көрсетті. Павлодарлық полицейдің беделді турнирдегі жеңісі бүкіл полиция ұжымы үшін үлкен мақтаныш болып табылады.

Арман Ерсаинұлын лайықты жеңісімен құттықтап, қызметте де, спортта да толағай табыстар, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейміз!