
Жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар қаласының полиция қызметкерлері қаланың су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізуде.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жағалау аумақтарын патрульдеп, демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Полицейлер азаматтарға суда қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын еске салады.
– Түсіндіру жұмыстары кезінде жабдықталмаған жерлерде шомылуға тыйым салынатынына және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға болмайтынына ерекше назар аударылады. Ақпаратты бекіту мақсатында демалушыларға қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынамалар таратамыз. Сонымен қатар ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың су жағасында тек ересектердің еріп жүруімен ғана болуы тиіс екендігі және олардың қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілік ата-аналардың өздеріне жүктелетіні түсіндіріледі, – дейді Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Бауржан Досымжанов.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және қандай да бір төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу жедел қызметтерге хабарлауға шақырады.