
Павлодар облысы полиция департаменті тергеу басқармасының жас, тәжірибелі әрі болашағынан зор үміт күттіретін қызметкерлерінің бірі Сұлтан Рыспаев полиция саласында он жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі қызметінен бастаған. Тергеу саласында еңбек еткен жылдары оның өндірісінде жүздеген қылмыстық іс болды. Қарапайым ұрлықтардан бастап, мұқият жоспарланған ауыр қылмыстарға дейінгі істерді тергеді.
– Тергеуші қызметімен алғаш танысқанда, ең бастысы осы күрделі жұмыстың ерекшелігін түсіну екенін ұқтым. Бірден меншікке қарсы қылмыстарды тергеуге кірістім. Алғашқы кезде тәулік бойы жұмыс істеп, сонымен қатар нормативтік-құқықтық базаны қайта зерделеп, заңнамадағы өзгерістерді қадағалап отырдым. Біздің қызметте ең маңыздысы – кез келген істі соңына дейін жеткізу, жолда тоқтап қалмау, басқа нәрсеге алаңдамау. Әйтпесе, өзіңнің дұрыс немесе қате әрекет еткеніңді түсіне алмайсың.
Бүгінде жұмыс қағидаттары, әдістері мен тәсілдері түбегейлі өзгерді. Қазіргі заманғы техникалық құралдарсыз тергеу жұмысын елестету мүмкін емес. Қылмыстардың басым бөлігі бейнекамералар мен ұялы телефондардың көмегімен ашылады. Бұрын ұрланған автокөлікті табу өте қиын болатын. Қазір мәліметтерді жүйеге енгізсең болғаны, оның қай уақытта, қандай қиылыстардан өткені, қай жерде тіркелгені туралы ақпарат бірден шығады, – дейді полиция майоры Сұлтан Рыспаев.
Бүгінде жоғары интеллектісі, жан-жақты білімі, дамыған логикасы, аналитикалық ойлау қабілеті мен кең өрісті дүниетанымының арқасында Сұлтанға ерекше тәсілді талап ететін күрделі істерді, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстарды тергеу сеніп тапсырылады. Тергеушінің айтуынша, кәмелетке толмағандар жәбірленуші болып табылатын істер әрдайым басымдыққа ие. Қазіргі уақытта мүліктік қылмыстардың басым бөлігі алаяқтық әрекеттермен байланысты. Сондықтан полицей азаматтарға қарызға ақша беру немесе қолхат арқылы сату жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, сондай-ақ күмәнді жарнамаларға назар аудармауға кеңес береді.
– Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Оның тартымдылығы – үлкен жүктемеге қарамастан жан-жақты дамуға мүмкіндік береді. Заң бізден тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуді талап етеді. Экономикалық істер кездессе, тергеу барысында өзің де экономистке айналасың. Дәрігерлерге қатысты істер келсе, дәрігер қателік жіберді ме, әлде ондай жағдай болған жоқ па деген сұрақтарға жауап іздей бастайсың. Қылмыскердің ойын тарқату, шындықты анықтау үшін үнемі ерекше ойлау қажет. Ал ең бастысы – жүрегіңмен өзің өмір сүріп, еңбек етіп жүрген адамдармен бірге болу. Сонда ғана халықтың сенімі мен қолдауына ие боласың, – дейді Сұлтан Рыспаев.
Әріптестері оның зейінді, көпшіл, кез келген адаммен тіл табыса білетінін, мемлекеттік және орыс тілдерінде бірдей еркін тергеу жүргізетінін ерекше атап өтеді. Жұмысы бос уақыт қалдырмайтынына қарамастан, Сұлтан спортпен шұғылданады, көркем әдебиет оқиды.
Оның жоғары іскерлік және адами қасиеттерін кезінде жұбайы Әзиза да бағалай білді. Ол жолдасының сенімділігін, қамқорлығын және сүйіспеншілігін ерекше қадірлейді. Жұбайының ауыр қызметіне түсіністікпен қарап, отбасының берекесін сақтап, екі сүйкімді қызын тәрбиелеп отыр. Ал Сұлтанның қолы қалт еткенде асығатыны – отбасы. Өйткені үйде оны қызметтік шаршауды ұмыттыратын тыныштық, үйлесім мен жанұялық жылылық күтіп тұрады.
Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін полиция майоры Сұлтан Рыспаев бірнеше рет Ішкі істер министрлігі мен Департаменттің наградаларымен марапатталған. Алайда ол марапаттарды басты мақсат деп санамайды. Өз жұмысының ең үлкен нәтижесі ретінде тек ашылған қылмыстарды ғана емес, сонымен қатар жаңа қылмыстардың алдын алуды да бағалайды.
– Менің ойымша, ең алдымен тергеуші қызметіне үміткер адам мақсатшыл әрі күйзеліске төзімді болуы керек. Көпшілдік пен кез келген адаммен ортақ тіл табыса білу де тергеуші үшін міндетті қасиеттердің бірі. Ал өз кәсібилігіңнің әділдіктің салтанат құруына ықпал ететінін сезіну – тергеу саласына өзін арнаған адам үшін ең үлкен құндылық, – дейді Сұлтан Рыспаев.