
Павлодар облысы Полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасында қызмет ететін мамандар үшін басты ұстаным – ақиқат жолында қызмет ету. Әділдікке ұмтылу және азаматтардың құқықтарын қорғау Ренат Темірхановты полиция қызметіне алып келді. Бүгінде ол Павлодар облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының техник-криминалисі болып қызмет атқарады.
Капитан Темірхановтың жұмыс күні көлік құралдарын тексеруден, оларды сәйкестендіруден, нөмірлік агрегаттардың тіркеу құжаттарындағы мәліметтерге сәйкестігін анықтаудан басталады. Сонымен қатар ол трасологиялық және дактилоскопиялық зерттеулер жүргізеді.
– Криминалистикада ұсақ-түйек болмайды. Кез келген бөлшек, кез келген саусақ ізі немесе микробелгі шындыққа апарар маңызды дәлелге айналуы мүмкін. Бұдан бөлек, дәл криминалистер қылмыс іздерін жылдам әрі тиімді анықтауға мүмкіндік беретін арнайы техникаларды жиі қолданады. Атқарылған жұмыстың нәтижесін көру, әділдіктің орнауы және алғыс сөздер мені алға жетелейді, – дейді Ренат Темірханов.
Әріптестері де оны әрдайым көмекке дайын, кәсіби білікті маман ретінде сипаттайды.
– Ол кез келген жұмыс жағдайында қолдау көрсетуге дайын. Күрделі тапсырма болсын немесе қарапайым кеңес қажет болсын, Ренаттың кәсібилігі ортақ жұмысымыздың сапасын арттырады, – дейді әріптестері.
Қызметінің тығыздығына қарамастан, Ренат Темірханов отбасына да уақыт табады. Оның айтуынша, жақындарының қолдауы – сенімділік пен кәсіби тұрақтылықтың негізі. Жұбайы Әсел Павлодар қаласындағы ҚР ІІМ оқу орталығында қызмет етеді және Ренатты әрдайым қолдап, екеуі бірге кәсіби дамуды жалғастырып келеді.
Қызмет жылдары ішінде ол Департамент басшылығы мен Ішкі істер министрінің атынан бірнеше мәрте марапатталып, алғыс хаттар мен грамоталарға ие болған. Алайда Ренат Темірханов үшін ең үлкен марапат – оның еңбегінің арқасында қылмыстың ашылып, заңның үстемдік құруы.