
Капитан Мұғамар Ғұбайдолла мен полиция қатарындағы Жарқын Жамашовтың күнделікті патрульдік қызметі құтқару операциясына ұласты. Полицейлердің қырағылығы мен жанашырлығының арқасында бірнеше күн бойы жер астындағы тұзақта қалған әлсіреген ит қараусыз қалған құдықтан аман алып шығарылды.
Ауылды аралау барысында полиция қатарындағы Жамашовтың назарын әлсіз әрі тұншыға шыққан дыбыс аударды. Құлақ түріп тыңдаған тәртіп сақшысы арамшөп басқан бос жатқан жерден әлсіз қыңсылаған дауыс естілгенін байқайды. Дыбыс шыққан жерге барған полицейлер суға толған ескі, қараусыз қалған құдықты анықтады. Ит қатты қорқып кеткен, әбден әлсіреген, тіпті үруге де шамасы келмей, жоғарыға қарап, көмек сұрағандай үнсіз жәутеңдеп тұрған.
Уақыт жоғалтуға болмайтынын, ал үрейленген жануардың өздігінен шыға алмайтынын түсінген полицейлер жағдайды жедел бағалады. Құтқару кезінде аса сақтық қажет болды, өйткені қорқыныш пен күйзеліс салдарынан ит агрессия танытуы мүмкін еді. Алайда жануар көмек келгенін сезгендей, өз құтқарушысына сенім артты.
Полицей итті жайлап сипап, оның қарғыбауынан ұстап, мықтап бекітіп, абайлап жоғары көтеріп шығарды. Бостандыққа шыққан төрт аяқты дос бірден жүгіріп кетті. Құтқарылған ит қуана құйрығын бұлғап, өз құтқарушысына қайта-қайта қарап, шынайы «итше алғысын» білдіргендей болды.
Қызметкерлер жануарды тексеріп шықты. Қуанышқа қарай, құлаған кезде иттің сүйектері сынбаған және ауыр жарақат алмағаны анықталды.
— Біздің қызметімізде болмашы оқиға деген болмайды. Өздігінен көмек сұрай алмайтын, әлсіз жандарды қорғау — әрбір полиция қызметкерінің борышы. Ең бастысы — дер кезінде үлгердік, — деп өз әрекетін қарапайым ғана түсіндірді полиция қатарындағы Жарқын Жамашов.
Бұл оқиға тағы бір мәрте полиция формасының артында жүрегі кең, жанашыр адамдар тұрғанын дәлелдейді. Мұқтаж жандарға көмектесу олар үшін тек қызметтік міндет қана емес, адамгершілік парыз болып табылады. Көмекке келуге дайын болу, жауапкершілік пен жанашырлық — полиция қызметкерлерінің қызмет барысында да, күнделікті өмірде де басты қасиеттерінің бірі болып қала береді.