
Өңірдегі тәртіп сақшылары күн сайын қашықтан жасалатын алаяқтықтың түрлі фактілеріне байланысты 5-тен 10-ға дейін арыз-шағым қабылдайды.
Алаяқтықтың алдын алу және онымен күрес шаралары туралы @pavlodar.rsk алаңында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов айтып берді. Ол алаяқтардың ең көп таралған схемаларына тоқталып, жинақталған қаражатты сақтаудың тиімді тәсілдерін атады.
- Ең көп таралған схемалардың бірі — «жалған инвестициялар», - деп атап өтті спикер. - Алаяқтар келешегі зор деп сипатталатын жобаларға, криптовалютаға немесе танымал компанияларға ақша салу арқылы жоғары табыс табуды уәде етеді. Мұндай уәделерге сеніп қалған кейбір азаматтар өз жинақтарын аударып, кредит рәсімдейді және қарызға ақша алады. Сондай-ақ телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері де кеңінен таралған. Әдетте, қылмыскерлер кезең-кезеңімен әрекет етеді. Бірінші кезеңде қаскөйлер өздерін түрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаулармен SMS-хабарламадағы кодты айтуды сұрайды. Екінші кезеңде шұғыл әрекет етуді талап ететін жасанды жағдай туғызады. Адамға оның аккаунты бұзылғаны, атына кредит рәсімдеу әрекеті жасалып жатқаны немесе банк шоттарына қауіп төнгені туралы хабарланады. Үшінші кезеңде адамды ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға, кредит рәсімдеуге немесе құрылғыға қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнатуға көндіреді. Ешқандай «қауіпсіз шоттың» болмайтынын есте сақтау маңызды. Банк, мемлекеттік орган және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ешқашан ақша аударуды, растау кодтарын беруді немесе құрылғыны қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуды талап етпейді.
Тәртіп сақшылары барлық азаматтарды цифрлық қауіпсіздіктің ең қарапайым ережелерін сақтауға шақырады:
* Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпия сөздерді және дербес деректерді айтпау;
* Бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармау;
* Қоңырау шалған адамның өтініші бойынша қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпау;
* Күмәнді сілтемелерге өтпеу;
* Ақпаратты ұйымдардың ресми байланыс нөмірлері арқылы тексеру;
* Күдік туындаған жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, ұйымның ресми телефон нөмірі бойынша өздігінен хабарласу