Ерлік эстафетасы: Павлодар облысында полиция сыныптарының алғашқы спорттық турнирі өтті

Ерлік эстафетасы: Павлодар облысында полиция сыныптарының алғашқы спорттық турнирі өтті

Песчаное ауылы өңірдің жас патриоттарын бір арнаға тоғыстырған орталыққа айналды. Мұнда Павлодар облысында алғаш рет «Заң және тәртіп» акциясы аясында кадеттерді біріктірген ауқымды волейбол турнирі ұйымдастырылды. Жарыс Ұлы Отан соғысының ардагері Мажен Жақыповтың және Отан қорғаушылардың рухына арналды.

Салтанатты шара әсерлі сәттен басталды: батырлардың туыстары, тыл еңбеккерлері мен ауыл тұрғындары қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Таң тыныштығын қақ жарып атылған салют – ел еркіндігін қорғағандарға көрсетілген құрметтің белгісі болды.

– Жад – бұл ерлікпен жазылған ортақ тарихымыз. Оны жас ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз. Ұлы Жеңіс қарсаңында біз Отан үшін шайқасқан, болашағымызды қорғаған жандарды еске алып, құрметтейміз, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.

Спорт алаңында алты мықты команда бақ сынады: «Жас Шекарашы», «Жас Сарбаз-1», Қабанбай батыр атындағы «Жас Сарбаз-2», Қалқаман кентінен «Жас Сарбаз-3», А. Тезекбаев атындағы «Жас Сақшы» және Ф. Қақабаев атындағы «Жас Сақшы».

Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті, бұл әр командаға өз мүмкіндігін толық көрсетуге мүмкіндік берді. Ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, төрешілер жеңімпазды әділ анықтады.

Қиын да тартысты бәсекеде А. Тезекбаев атындағы «Жас Сақшы» полиция сыныбының тәрбиеленушілері алтын жүлдені жеңіп алды.
– Жеңіс бізге зор қуат берді! Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын таңдауға ынталандырып, командалық рухты нығайтады. Біз бүгін бірінші орын алып, үлкен серпін алдық, – деп әсерлерімен бөлісті жеңімпаздар.

Алғашқы облыстық турнир жас ұрпақтың спортты, тәртіпті таңдайтынын және ата-баба дәстүрін құрметтейтінін көрсетті.