Балалардың қауіпсіздігі – Павлодар облысы ювеналды полициясының басты басымдығы

Балалардың қауіпсіздігі – Павлодар облысы ювеналды полициясының басты басымдығы

Өсіп келе жатқан ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу полицияның ерекше бақылауында. Павлодар облысы ювеналды полициясының қызметкерлері жүйелі түрде ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 23%-ға төмендеді.

Алайда әкімшілік құқық бұзушылықтар статистикасы ата-аналық бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді: күн сайын тәртіп сақшылары түнгі уақытта көшелерде және ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді, сондай-ақ оларға алкоголь және темекі өнімдерін сатудың жолын кеседі.

Ведомствоның мәліметінше, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 300 ата-ана жауапкершілікке тартылған, 576 заңды өкіл балалардың түнгі уақытта еріп жүрмей, тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін жазаланған, ал 24 ойын-сауық мекемесінің иелері жасөспірімдерді ата-анасыз түнде кіргізгені үшін жауапқа тартылған.

Қазіргі уақытта полицияның ерекше есебінде 223 қолайсыз отбасы мен 69 кәмелетке толмаған бала тұр. Өкінішке қарай, ата-аналардың өз міндеттерін өрескел орындамаған жағдайларда қатаң шаралар қабылданады: соттар ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу туралы 68 өтінішті қанағаттандырды. Сонымен қатар, алты жасөспірім мінез-құлқын түзету үшін арнайы білім беру ұйымдарына жіберілді.

- Ересектер тарапынан бақылаудың болмауы — құқық бұзушылыққа апаратын тікелей жол, мұндай жағдайда бала қылмыстың қатысушысы да, құрбаны да болуы мүмкін. Алда жаз мезгілі келе жатыр, осыған байланысты ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылауды күшейтуге шақырамыз. Естеріңізде болсын: олардың қауіпсіздігі — сіздердің тікелей жауапкершіліктеріңіз, - деп қорытындылады Павлодар облысы ПД.