
Екібастұз қаласының №33 мектебінде жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов қатысып, оқушылармен маңызды тақырыптар бойынша әңгіме жүргізді.
Кездесу барысында жасөспірімдер қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Әсіресе интернет-алаяқтық тақырыбына ерекше назар аударылды.
Бүгінде жасөспірімдер алаяқтардың құрбанына айналып қана қоймай, заңсыз әрекеттерге, соның ішінде «дропперлік» деп аталатын қаржылық схемаларға тартылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар, мессенджерлер мен Telegram-арналар арқылы жастарды есірткі қылмыстарына тарту мәселесі қозғалды, онда оларға «курьер» ретінде жұмыс ұсынылатыны атап өтілді.
Полиция бастығы қалада тіркелген және жолы кесілген есірткі қылмыстарының саны туралы айтып, бұл мәселенің әлі де өзекті екенін жеткізді.
Дәрістің бөлек бөлімі жол қауіпсіздігіне арналды. Оқушыларға мотокөлік пен скутерлерді пайдалану ережелері, оларды ХҚКО-да тіркеу қажеттілігі түсіндірілді. Сондай-ақ, авто мектептерде оқудың маңыздылығы және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі айтылды.
Кездесу барысында нақты өмірден алынған мысалдар келтіріліп, құқықбұзушылық пен абайсыздықтың салдары көрсетілді.
Жазғы шомылу маусымы қарсаңында судағы қауіпсіздік ережелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Оқушыларға су айдындарында өзін-өзі ұстау және сақтық шараларын сақтау қажеттілігі ескертілді.
Сонымен қатар, тонау және басқа да қылмыс түрлері талқыланып, сақтық пен өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды. Дропперлік пен сталкингке қатысты заңнамадағы жаңа баптар туралы да ақпарат берілді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Сонымен бірге, Төлеген Құдайбергенов құқық қорғау органдарында қызмет ету және профильдік академияларға түсу мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
Осындай іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда және олардың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.