
Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілер ұсталды: екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалса, біреуі арнайы палатаға жатқызылып, полицияның күзетінде.
12 сәуір күні таңертең Екібастұз қалалық ауруханасының травмпунктіне жергілікті тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Ол екі мас күйдегі досымен бірге келген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бірге келген азаматтар өздерін әдепсіз ұстап, дәрігердің ескертуіне агрессивті түрде жауап берген. Бөлмеден шығудан бас тартқан жастар дәрігерге соққы жасаған. Жағдайға араласуға тырысқан медбике де дене жарақатын алған.
Қазіргі уақытта екі медицина қызметкері де жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктілердің үшеуін де ұстап, қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған қатаң заңнамалық шаралар күшіне енді. Оған сәйкес, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 380-3-бабын белсенді түрде қолдануда. Әрбір мұндай құқық бұзушылық міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Қазақстан полициясы мұндай фактілерге «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады. Төтенше қызмет қызметкерлеріне қарсы кез келген агрессия немесе қоқан-лоққы қатаң түрде тоқтатылады.