Тәртіп пен қолдау: неге полиция тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды қабылдау-тарату орнына жеткізеді?

Тәртіп пен қолдау: неге полиция тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды қабылдау-тарату орнына жеткізеді?

Күн сайын таңертеңнен кешке дейін павлодарлық полицейлер жылу трассаларын, құдықтарды, подъездерді және вокзал маңын аралайды. Мобильді топтардың міндеті — қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету.
Павлодар қаласы ПБ қабылдау-тарату орнының бастығы Ербол Мұсалиннің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері мекеме арқылы 1081 адам өткен. Олардың 130-ы жан-жақты тексеру үшін қабылдау орнына орналастырылған.
- Әкелінген әрбір адамды суретке түсіріп, саусақ іздерін аламыз. Бұл жеке басын анықтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығын тексеру, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендер тізімі бойынша іздеу үшін қажет. Егер 48 сағат ішінде жеке басын анықтау мүмкін болмаса, материалдар сотқа жолданады. Сот санкциясы бойынша мұндай азаматтардың бостандығы 30 тәулікке дейін шектелуі мүмкін, — деп түсіндіреді офицер.
Полиция жұмысы тек бақылау ғана емес, сонымен қатар нақты қолдау көрсету. Мұқтаж адамдар медициналық мекемелерге немесе бейімдеу және оңалту орталығына жіберіледі. Осындай кешенді тәсіл қаладағы санитарлық тәртіпті сақтауға және қылмыс деңгейін төмендетуге көмектеседі.
Білу маңызды: егер сіз тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың жиналған жерін байқасаңыз, 51-58-51 (қабылдау-тарату орны) нөміріне немесе «102» арнасына хабарласыңыз.