
Павлодар облысының полицейлері өңірдегі білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Негізгі назар мектептердегі буллингтің және әлеуметтік желілердегі кибербуллингтің алдын алуға аударылды.
– Біз оқушыларға кез келген құқыққа қайшы әрекетке, мейлі ол қатарластарына қысым көрсету болсын немесе үзіліс кезіндегі тәртіп бұзушылық болсын, міндетті түрде заң алдындағы жауапкершілік қарастырылғанын еске салдық. Жасөспірімдерге құқықтық сана – таңдау емес, әр адамның міндеті екенін түсіндірдік. Біздің мақсатымыз – жанжал жағдайларын болдырмау және заң мен тәртіп мектеп табалдырығынан бастап сақталатын қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді Павлодар облысы Успен ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Олжас Есжанов.
Кездесулер барысында тәртіп сақшылары әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениетіне және оқу процесі кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне де ерекше назар аударды.