
Павлодар қаласындағы «Бірлік» спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына арналған полиция қызметкерлері арасында облыстық бокс чемпионаты өтті. Жүлделі орындар үшін Департаменттің түрлі қызметтері мен бөлімшелерінен келген 40 үздік спортшы бақ сынады.
Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларды Департаменттің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов құттықтады:
— Бүгінде полицияға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жауапты міндеттер жүктелген. Әрбір қызметкер құқық бұзушылықтардың жолын кесу үшін жекпе-жек тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Барша спортшыларға адал бәсеке, ал төрешілерге әділдік тілеймін, — деді ол.
Жекпе-жектер тартысты өтті. Қызу бәсекенің нәтижесінде өз салмақ дәрежелерінде алтын медальдарды ПД аппаратының қызметкерлері иеленді: 60 кг — Игорь Белоус; 65 кг — Әлібек Үлкенбаев; 70 кг — Жәнібек Сыздықов; 75 кг — Дін-Мұхаммед Сәрсенбек; 80 кг — Айдар Ташев; 85 кг — Кенжебек Әзілбеков; 90 кг дейін — Алмас Аспандияров және 90 кг жоғары — Азат Ысқақов.
— Бұл жарыс тек шеберлікті ғана емес, мінезді де сынайтын мүмкіндік. Күш, жылдамдық және төзімділік рингте де, құқық бұзушыларды ұстау кезінде қызмет барысында да бірдей маңызды, — деп әсерімен бөлісті ауыр салмақтағы жеңімпаз Азат Ысқақов.
Турнир салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды: жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табысталды.