Павлодарда балықшы 15 келі табан балық үшін көлігінен айырылды

Павлодарда балықшы 15 келі табан балық үшін көлігінен айырылды

Таңғы сапар павлодарлық балықшы үшін айыппұлмен аяқталды. «Омбы— Майқапшағай» автожолымен ерте жолға шыққан 54 жастағы павлодарлықтың жоспары жүзеге аспады. Оның Lada 2121 жол талғамайтын көлігін полиция қызметкерлері тексеру үшін тоқтатты.

– Көліктің жүксалғышын тексеру барысында тәртіп сақшылары заңсыз жүк тапты: жалпы салмағы 15 келі болатын табан балығы салынған бірнеше қап. Көлікте балықпен бірге резеңке қайық пен балық аулау торлары да болған. Ер адамның балық аулауға және тұқымдас балықтарды тасымалдауға қатысты ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Анықталғандай, балық аулау заң талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген. Балықшы полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Ведомство өкілдері заңсыз ауланған балық пен құралдар тәркіленгенін, ал құқық бұзушының көлігі арнайы тұраққа қойылғанын атап өтті. Полиция өңір тұрғындарын ескертеді: балық аулау үшін тиісті рұқсат құжаттары болуы қажет, ал белгіленбеген орындарда тор қолдануға заңмен қатаң тыйым салынған.