SIM-бокстар, вейптер және дропперлер: полиция интернеттегі қылмыстық схемалармен қалай күресіп жатыр

SIM-бокстар, вейптер және дропперлер: полиция интернеттегі қылмыстық схемалармен қалай күресіп жатыр

Павлодар облысында интернет-алаяқтық саны үштен бірге азайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы ПД киберқылмыспен күрес жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ризабек Жанат мәлімдеді.
Кешенді алдын алу шараларының арқасында өңірде интернет-алаяқтық деректері айтарлықтай төмендеді: өткен жылы 461 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 329-ға дейін азайған. Қазіргі таңда 57 қылмыстық іс аяқталды. 10 адам және 57 эпизодқа қатысы бар бір қылмыстық топ ұсталды.
– Қылмыскерлер қолданатын «құралдарға» ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 43 мобильді құрылғы, 175 SIM-карта және жаппай хабарлама мен қоңырау таратуға арналған 2 SIM-box құрылғысы тәркіленді. «Антифрод-орталық» платформасы белсенді жұмыс істеуде. Банктермен тығыз байланыс нәтижесінде 315 оқиға тіркеліп, күмәнді операциялар бойынша 453 млн теңге бұғатталды. Сонымен қатар «дропперлерден» 21 млн теңге тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды, – деді Ризабек Жанат.
Спикердің айтуынша, полиция кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Жасөспірімдер Telegram-арналар арқылы жоқ вейптер мен электронды буландырғыштарды «сату» арқылы азаматтарды алдаған.
Өңірдің киберполициясы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда: үй-үйді аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, цифрлық қауіпсіздік ережелерін үйретуде.
– Ең жақсы қорғаныс — сақтық. Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз, SMS арқылы келген кодтарды айтпаңыз және «қауіпсіздік қызметі» атынан ұсынылған күмәнді қосымшаларды жүктемеңіз. Егер қоңырау күмән тудырса — бірден тұтқаны қоя салыңыз, – деп түйіндеді офицер.