
Павлодар облысының полициясы мал ұрлығының алдын алу бойынша күшейтілген жұмыстарды жалғастыруда. «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Екібастұз ауылдық аймағында мүлікке салғырт қарау дерегі анықталды.
Қоянды ауылында тәртіп сақшылары жеті жылқының қараусыз жайылып жүргенін байқаған. Жануарлардың жанында иесі болмаған, олар мүлде бақылаусыз жүрген. Полицейлер жылқы иесін анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
– Қараусыз жайылу — бұл жай ғана ережені бұзу емес. Оның салдары ауыр болуы мүмкін. Иесіз жүрген мал ұрылар үшін оңай олжаға айналады, ал кешкі уақытта жолға шығып кеткен жағдайда адам өліміне әкелетін жол апаттарына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ әрбір мал иесіне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деп атап өтті Екібастұз қаласы ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Полиция барлық мал иелеріне ескертеді: мал — сіздің жауапкершілігіңізде. Жайылым ережелерін қатаң сақтау — мүлікті қорғаудың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы.