
– «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, Павлодар облысының полицейлері жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мақсатты профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
2026 жылдың басынан бері 2097 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жол қозғалысы ережелерін елемеген павлодарлықтарға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Бұзушылықтардың басым бөлігі – жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің көбі жолдан өтпес бұрын жақындап келе жатқан көліктің жоқтығына көз жеткізуді ұмытып жатады. Кейбірі құлаққап тағып, телефонға алаңдап, жолды кесіп өтеді, бұл олардың көліктің ескерту сигналын есту мүмкіндігін шектейді.
Полицейлер тағы да ескертеді: жолдың жүріс бөлігін кесіп өткен кезде барынша мұқият әрі зейінді болыңыздар. Жолды тек көлік сізді өткізіп жатқанына көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өтіңіздер.