
Қазіргі таңда погон киген әйелдер заң мен тәртіпті қорғауға күн сайын өз үлесін қосып, қызметтік борышын абыроймен атқарып келеді. Осындай офицерге тән адалдық, тәртіп, жауапкершілік және ең күрделі жағдайларда да адамдық болмысын сақтай білу қасиеттерін 21 жыл бойы серік етіп келе жатқан қызметкердің бірі – Зауреш Алтыбасарова.
Полиция подполковнигі қызметтік жолын 2005 жылы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор лауазымынан бастаған. Жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындап, жұмысты уақытылы әрі қателіксіз атқаруда. Оның жауапкершілігі басшылық тарапынан ескеріліп, 2018 жылы мемлекеттік автоинспектор қызметіне ұсынылды. Бүгінде Зауреш Қайроллақызы көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бағытында қызмет атқарады.
Мамандық таңдауда полиция саласында қызмет еткен ағасының үлгісі зор ықпал еткен. Соның жолын жалғап, форма киіп, елге қызмет етуді мақсат еткен. Бүгінде отбасында өсіп келе жатқан ұлы да болашақта анасы мен нағашысының жолын қууы әбден мүмкін.
– Біздің қызмет жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі буын болып табылады. Ол терең білімді, техникалық дағдыларды, ақпаратты жедел талдай білуді талап етеді. Сонымен қатар жүргізушілермен ашық диалог құрып, арандатулар мен даулы жағдайларға сабырмен қарау маңызды. 20 жыл өтсе де, мен өз жұмысымның жанкүйерімін. Басқарма ғимаратына кірген сәтте, әріптестерімді көргенде ерекше күш-қуат аламын. Әйел адамның иығындағы погон – жай әшекей емес, бұл – жауапкершілік пен кез келген жағдайда көмектесуге деген ниеттің көрінісі, – дейді подполковник Алтыбасарова.
Сырт көзге нәзік көрінгенімен, оның бойында мықты мінез бен қайсар рух бар. Дәл осы қасиеттер қызметтің барлық қиындығына төтеп беруге көмектесті. Ұжымда оны еңбекқорлығы, жеделдігі, тың ойлай білуі және іске жауапкершілікпен қарағаны үшін құрметтейді.
– Менің жолым болды, бізде ұйымшыл ұжым қалыптасқан. Мен ашық жанды әріптестер арасында қызмет атқарамын, – дейді кейіпкеріміз.
Қызметтегі қарбалас күндер үйдегі тіршілікпен ұштасып жатады. Үлгілі қызметіне қарамастан, Зауреш Қайроллақызы – қамқор ана, аяулы жар. Жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Алматы қаласында Сатпаев Университетін тәмамдаған, ал ұлы №11 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сыныбында оқиды.
– Жұмыстан кейін отбасым қарсы алғанда, шаршағаным мен күйзелісім ұмыт қалады. Отбасымыздағы басты қағида – теңдік. Мен жақындарыма тәтті тағамдао дайындағанды ұнатамын, ал жолдасым үйдің ер-азаматқа тән шаруаларын атқарады. Әрине, кейде жұмысқа байланысты кешігетін сәттер болады, бірақ уақытты тиімді жоспарлауды үйрендім, – дейді ол.
Қызметтегі жетістіктері үшін Зауреш Алтыбасарова Ішкі істер министрлігі мен Департамент тарапынан бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталған.
– Бүгінде біз ашық әрі шынайы диалог жүргізуге дайынбыз. Өзара құрмет пен теңдік негізінде әрекет ету маңызды. Азаматтардың сенімін сақтау – басты міндет. Бұл жауапкершілікпен, ілтипатпен және кәсібилікпен ғана жүзеге асады, – деп атап өтті Зауреш Қайроллақызы.
Алда құқық қорғау саласының өкілін әлі талай міндет күтіп тұр. Алайда басшылық та, отбасы да оның әр тапсырманы жауапкершілікпен әрі кәсіби деңгейде орындайтынына сенімді.