Полицейлер әріптестерін құрметті еңбек демалысына шығарып салды

Полицейлер әріптестерін құрметті еңбек демалысына шығарып салды

Бас полиция ведомствосында өмірінің басым бөлігін полиция қызметіне арнаған қызметкерлерді құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды.

Зейнеткерлікке шығу – әрбір адам өміріндегі ерекше кезең. Бұл – өмір жолының белгілі бір белесі артта қалып, атқарылған істерге қорытынды жасайтын, жаңа кезеңге қадам басатын уақыт.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында 25 жылдан астам қызмет атқарып, зейнеткерлік куәліктерін алғандардың қатарында: Елена Бабич, Смағұл Қияқбаев, Жанат Әбілдинов, Руслан Еркібаев және Сансызбай Қайбасов бар.

Жас зейнеткерлердің әрқайсысы қызмет барысында жауапкершілігімен, тәртіптілігімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленіп, жас буын қызметкерлеріне әрдайым үлгі бола білді.

— Сіздер азаматтық және қызметтік борышты адал атқарудың жарқын үлгісісіздер. Арттарыңызда мол еңбек жолы жатыр. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, қойылған міндеттерді уақытылы әрі тиімді шешу қабілеттеріңіз жас қызметкерлер үшін әрдайым өнеге болып қала береді, — деп атап өтті Павлодар облысы Полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Нұрғали Омарбеков.

Әріптестері оларды әрдайым жоғары кәсіби деңгейдегі мамандар, тәжірибелі тәлімгерлер және сенімді әріптестер ретінде сипаттайды. Олар әрдайым көмек қолын созып, өз тәжірибелерімен бөлісуге және қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын болған.

Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрмет пен қолдау үшін басшылыққа алғыс білдіріп, жас қызметкерлерді тәрбиелеу мен тәжірибе бөлісуге әрқашан дайын екендерін атап өтті.