
Полиция департаментінің имиджін нығайту, жеке құрам арасында салауатты моральдық-психологиялық ахуалды және тәртіпті сақтау, қызметкерлерді патриоттық рухта тәрбиелеу, қызметке үміткерлерді іріктеу – осы ауқымды міндеттердің барлығын кадр қызметінің мамандары жүзеге асырады.
Осындай кәсібіне адалдығымен, сабырлылығымен, төзімділігімен, батылдығымен, өзіне деген сенімділігімен және адамгершілігімен үлгі болып жүрген қызметкерлердің бірі – Карлыгаш Тлеуленова, Павлодар облысы ПД Жеке құраммен жұмыс басқармасының аға инспекторы.
Ол еңбек жолын Павлодар қалалық ІІБ конвой қызметі ротасының полицейі қызметінен бастаған. Бұл кезең оның тұлға ретінде қалыптасуына, кәсіби іргетасының қалануына негіз болды.
18 жылдан астам уақыт бойы ол иығына погон тағып, кадр саласында еңбек етіп келеді. Кадр жұмысы – тек құжаттармен жұмыс емес, бұл – қызметтік жолы дәл осы кадр бөлімінен басталатын адамдармен жұмыс.
Ол кешегі курсанттар мен тағылымдамадан өтушілердің басшы, полковник дәрежесіне дейін өскенін көрді. Әрқайсысына қажет кезде қатаң да, кейде қолдау білдіретін сөз таба білді. Қызметтің қыр-сырын, зейнетақы заңнамасының ерекшеліктерінен бастап, экстремалды жағдайда жұмыс істеудің психологиялық тұстарына дейін жақсы меңгерген.
Жауапкершілік, ілтипаттылық, көмекке әрдайым дайын болу – осы қасиеттері кейіпкерімізге әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болуға мүмкіндік берді.
Қарлығаш Қайырболатқызының кәсіби тұрғыда шыңдалуына жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Лаура Байбек және отставкадағы майор Анар Рашитова секілді дана тәлімгерлер ықпал етті. Олар оған тек бұйрықтар мен заңдарды үйретіп қана қоймай, адамдарды тыңдай білуге, үміткердің қабілетін алғашқы әңгімелесу барысында-ақ танып, қай салада кәсіби тұрғыда ашылатынын анықтай білуге баулыды.
Оның кәсіби еңбегі бірнеше рет министрлік пен департамент тарапынан медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен атап өтілді. Бүгінде өзі де жас қызметкерлерге тәлімгер болып, кадр қызметінің көптеген бағыттарын үйлестіреді.
Кез келген ауа райында және кез келген жағдайда қызметін адал атқарып жүрген погонды ханым барлық қиындықтарды еңсере отырып, туған-туыстарына да уақыт таба біледі.
Күнделікті өмірде ол – аяулы жар, қамқор ана. Жолдасымен бірге Ермұхамед есімді ұлды тәрбиелеп отыр. Кешкілік ұлы анасын асыға күтіп, қызметтің қалыптан тыс жұмыс кестесіне түсіністікпен қарайды.
Алда мерекелер, одан кейін – қайтадан қызмет. Құқық тәртібін күзету қызметі кейінге қалдыруды тоспайды.
Өйткені өмірдің мәні де осында – қызметтік міндет пен отбасылық қуаныш қатар өрілген сан түрлі сәттерге толы ғұмыр.