Ертіс өңірінің сақшылары арасында «Полиция барысы» турнирі өтті

Ертіс өңірінің сақшылары арасында «Полиция барысы» турнирі өтті

Павлодар облысының 75 полиция қызметкері қатысқан дәстүрлі ашық қазақ күресінен «Полиция барысы» чемпионаты Екібастұз қаласындағы «Жасыбай» спорт кешенінің татамиінде өтті. Әрбір қатысушы бірнеше белдесу өткізіп, өз шеберліктерін көрсетті.

Турнирдің басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің дене дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ балуандардың жауынгерлік машығын шыңдап, мықтыларды анықтау.
Ашылу салтанатында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин спорттың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері үшін спортпен шұғылдану аса қажет. Ол қатысушыларға әділ әрі лайықты жеңіс тіледі.

Облыстық полиция ведомствосы бастығының орынбасары Жандос Орумбаев «Полиция барысы» ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге бағытталған ауқымды шара екенін атап өтіп, мұндай жарыстар тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Балуандар жеті салмақ дәрежесінде сынға түсті: ең жеңілі – 60 келі, ең ауыры – 100 келіден жоғары. Белдесу ережесіне сәйкес, спортшылар белгіленген уақыт ішінде барынша көп ұпай жинауы тиіс. Ал қарсыласын жауырынымен жерге тигізген жағдайда «таза жеңіс» беріледі. Күні бойы жалғасқан чемпионатта қатысушылар жоғары шеберлік пен табандылық танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша «Полиция барысы» чемпиондық белбеуі мен абсолюттік чемпион атағын иеленгендер:
* Еркебұлан Сапарғали – 100 келіден жоғары;
* Қанағар Какенов – 100 келіге дейін;
* Айтжан Қабиболла – 90 келіге дейін;
* Шеризат Нугарбеков – 82 келіге дейін;
* Сұңқар Ибраев – 74 келіге дейін;
* Әділ Хурмет – 66 келіге дейін;
* Медет Құдайбергенов – 60 келіге дейін.

Командалық есепте Екібастұз қалалық полиция басқармасының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды ІІМ Оқу орталығының спортшылары иеленсе, үшінші орын Баянауыл аудандық полиция бөлімінің командасына бұйырды.

Айта кетейік, бұл чемпионат іріктеу кезеңі болды. Үздік спортшылар наурыз айында Тараз қаласында өтетін ІІМ РК «Полиция барысы – 2026» турнирінде Павлодар облысы полиция департаментінің намысын қорғайды.