«Мал ұрлаушы» жедел алдын-алу шарасы: павлодарлық полицейлер мал мен ет тасымалдаған 300-ге жуық автокөлікті тексерді

«Мал ұрлаушы» жедел алдын-алу шарасы: павлодарлық полицейлер мал мен ет тасымалдаған 300-ге жуық автокөлікті тексерді

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері мал және ет өнімдерін тасымалдаған автокөліктерді, 250 шаруа қожалығын және 153 мал мен ет өнімдерін өткізу орнын тексерді.

Нәтижесінде құжатсыз ет өнімдерін тасымалдаудың екі дерегі анықталып, мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 9 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мамандандырылған тұрақтарға 115 иесіз мал орналастырылды.

Мәселен, Екібастұз–Бесқауға автожолының 18 шақырымында қараусыз жүрген 12 жылқы жүргізушілер үшін жол-көлік оқиғасы қаупін тудырған. Мал иесі бақташы жалдаған, алайда ол малды қараусыз қалдырған. Аталған дерек бойынша бақташыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ Омбы тас жолында полиция қызметкерлері бес ірі қара малды  тиісті құжаттарсыз тасымалдаған «Газель» автокөлігін тоқтатты. Жүргізуші құжаттардың болмау себебін түсіндіре алмаған. Аталған дерек бойынша жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жиналды.

Павлодар облысының полициясы малдың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оны қараусыз қалдырмауды ескертеді. Мал жаюға жауапты тұлғаларды тағайындау кезінде олармен міндетті түрде келісімшарт жасасу қажет. Күн сайын мал басын есепке алып, таңбалау, чиптеу және сырғалау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ GPS-трекерлер орнату ұсынылады.

– Негізгі назар ет өнімдерін өткізудің заңдылығына аударылды. Полиция қызметкерлері ветеринариялық анықтамалардың және еттің шығу тегін растайтын ілеспе құжаттардың болуын, сондай-ақ оны сату кезінде белгіленген талаптардың сақталуын тексерді, – деді Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.