«Тасымалдаушы» жедел профилактикалық шарасы: өңірде 400-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тоқтатылды

«Тасымалдаушы» жедел профилактикалық шарасы: өңірде 400-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тоқтатылды

Айта кету керек, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтамайды.

— Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлерімен бірқатар құқық бұзушылықтардың жолы кесілді: 42 тасымалдаушы жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамаған, 33 такси жүргізушісі қоғамдық орындарда қызметін ұсыну мақсатында адамдарға жақындап мазаларын алған, 95 жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін немесе мотошлемді пайдалану талаптарын бұзған, 8 автокөлік жүргізушісі мас күйінде көлік басқарған және 4 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққан, — деп хабарлады Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.

Мәселен, Павлодар қаласында Естай көшесінде Audi-80 автокөлігінің жүргізушісі төрт жолақты жолда қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Ал Ақсуда басқа осындай маркалы көлікке тиесілі жалған мемлекеттік нөмір белгісімен ВАЗ-2105 автокөлігін басқарған жүргізуші ұсталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, көлік арнайы тұраққа қойылды. Екібастұз қаласында Абай көшесінде тәртіп сақшылары Audi-80 B4 автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің тиісті құжаттарсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция барлық тасымалдаушыларды заңнама талаптарын қатаң сақтауға, жол-көлік оқиғаларына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.