
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс уақытша шектелді. Осыған орай патрульдік полиция қызметкерлері автожолдардың жай-күйін күшейтілген режимде бақылауда ұстап отыр.
– Полицейлер жол жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетуде. Қар басқан учаскелер туралы ақпарат жедел түрде «ҚазАвтоЖол» АҚ мамандарына жолдануда. Қазіргі уақытта полиция нарядтары трассалардың жағдайын тексеруде. Ауа райы тұрақтанғаннан кейін жолды ашу немесе көлік колонналарын алып жүру туралы шешім қабылданады. Ол үшін жол бөлігі толық тазартылуы тиіс. Экипаждар проблемалық учаскелерді анықтап, тиісті қызметтерге дереу хабарлайды, – деді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.
Мәселен, бүгін Атамекен кентінен Екібастұз қаласына дейін трассаның жабылуына байланысты шамамен 250 көлік жиналды. Барлық автокөліктер полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен колоннамен өткізілді. Жағдай полицияның тұрақты бақылауында.