
Павлодар облысында полиция қызметі тәулік бойы жол-көлік оқиғаларының алдын алудың басым бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде. Негізгі назар көлік құралын мас күйінде басқару, жылдамдықты арттыру, басып озу, қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін қолданбау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану деректерін анықтауға бағытталған.
Демалыс күндері облыс бойынша полицияның саптық бөлімшелері 950 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 878-і жол қозғалысы ережелерін бұзу, 78-і қоғамдық қауіпсіздікке қатысты. Әртүрлі заң бұзушылықтар үшін 19 автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
– Мысалы, «Омбы – Майқапшағай» автожолында Honda маркалы автокөлік тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі сезілді. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның көлікті алкогольдік мас күйінде басқарғаны анықталды. Сондай-ақ Павлодар қаласында Hyundai Elantra маркалы автокөлік тоқтатылды. Әңгімелесу кезінде жүргізуші өзін агрессивті ұстағанымен, алкоголь иісі байқалмады және өзін сау күйдемін деп сендірді. Алайда медициналық куәландыру оның есірткілік мас күйінде болғанын көрсетті. Аталған деректер бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Көлік құралы арнайы айыптұраққа қойылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Ведомствода атап өткендей, бұл қатаң жазалау шаралары заңнамада бекітілген. Себебі мас күйінде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Мұндай қауіпті әрекеттердің алдын алу – полицияның маңызды міндеттерінің бірі.
«Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді және азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.