Павлодарда оқылмайтын нөмірі бар лас автокөлік жүргізушілері анықталуда

Павлодарда оқылмайтын нөмірі бар лас автокөлік жүргізушілері анықталуда

- Қысқы кезеңде ауа райы жағдайларын ескере отырып, полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оқылмайтын немесе ластанған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар автокөлікпен қозғалу жол қозғалысы ережелеріне қайшы келеді, -деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті.

Мысалы, «Омбы – Майқапшағай» автожолында мемлекеттік тіркеу нөмірі ластанып, оқылмай қалған DAF маркалы автокөлік қозғалған. Павлодар қаласында Камзин – Ломов көшелерінің қиылысында мемлекеттік тіркеу нөмірі ластанып, оқылмай қалған Mazda маркалы автокөлік тоқтатылды. Осындай құқық бұзушылық Жетекші ауылында Hyundai Starex маркалы автокөлік жүргізушісінен де анықталды.

– Ауа райы жағдайына қарамастан, автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі әрдайым таза болуы тиіс. Нөмірлік белгі көлік құралын жол қозғалысы кезінде сәйкестендіру үшін қажет. Нөмірдің оқылмауы немесе ластануы жол қозғалысы ережелерін бұзу болып саналады және полиция айыппұлды сол жерде салуға құқылы, – деп түсіндірді полицейлер.

Жыл басынан бері өңірде стандарт талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 954 хаттама толтырылды, оның ішінде 87-сі оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқарғаны үшін. Барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынды.

«Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді және азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң бұзған тұлғалар өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтара алмайды.