Автокөліктегі бала: балаларды тасымалдау қағидаларын шамамен 700 жүргізуші бұзды

Автокөліктегі бала: балаларды тасымалдау қағидаларын шамамен 700 жүргізуші бұзды

Павлодар облысының полицейлері жүргізуші-ата-аналардың назарын автокөлік салонында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған ұстап тұру құрылғыларын міндетті түрде қолдану қажеттігіне ерекше аударады.
Жыл басынан бері балаларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін 676 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті.
Ең алдымен, автокөліктегі балаларға арналған ұстап тұру құрылғысы — бұл айыппұлдан құтылу тәсілі емес, жол-көлік оқиғасы кезінде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралы екенін түсіну маңызды. Қашықтығына қарамастан — үйден мектепке дейін немесе демалыс күндері балалармен қала сыртына шығу болсын — көлік құралындағы баланың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет.
Такси қызметін пайдаланатын ата-аналарға тасымалдаушы компанияны таңдауға жауапкершілікпен қарап, автокөлікте баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетінін алдын ала нақтылап алған жөн.
Сондай-ақ полицейлер балаларды қолда ұстап тасымалдауға қатаң түрде тыйым салынатынын ескертеді, себебі кенеттен тежелу кезінде бала соққының барлық салмағын өзіне қабылдайды.
«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізушілерге автокөлікте балаларды тасымалдаудың белгіленген қағидаларын қатаң сақтауды ұсынады. Бұл талаптар жол-көлік оқиғасы кезінде «кішкентай жолаушылардың» өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.