ZEREK-2 жүйесі арқылы жылдамдық режимін бұзудың 4000-нан астам дерегі анықталды

ZEREK-2 жүйесі арқылы жылдамдық режимін бұзудың 4000-нан астам дерегі анықталды

- Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында 2024 жылдың мамыр айынан бастап Павлодар облысының республикалық автожолдарында, атап айтқанда Павлодар–Омбы, Павлодар–Астана, Павлодар–Семей бағыттарында ZEREK-2 жүйесінің сертификатталған аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істеп тұр.
Аталған кешен көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты режимде өлшеуге, құқық бұзушылықтарды тіркеуге және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға арналған. Кейін алынған ақпарат Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі деректер базасына жолданып, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама электронды түрде тіркеледі, деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті.
Жыл басынан бері ZEREK-2 жүйесі арқылы жылдамдық режимін асырудың 4204 дерегі анықталды.
Мәселен, «Павлодар–Семей–Қалбатау» автожолында «RAM» маркалы автокөліктің жүргізушісі белгіленген жылдамдық режимін бұзып, рұқсат етілген 100 км/сағ орнына 142 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Аталған құқық бұзушылық ZEREK-2 жүйесімен тіркеліп, жүргізушіге белгіленген тәртіппен айыппұл төлеу туралы нұсқама жолданды.
«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция автокөлік басқару жүргізушіден жоғары деңгейдегі зейін мен тәртіпті талап ететінін еске салады. Жылдамдық режимін асыру – жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн.