Брифинг: Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл

Брифинг: Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл

Отбасылық-тұрмыстық қатынастардың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өңірлік коммуникациялар қызметінде өтті. Онда облыстық Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.
– Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер ішкі істер органдарының бақылауында. 2025 жылы тұрмыстық саладағы қылмыстар 11 пайызға төмендеді. Аталған бағыттағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері отбасылық жанжал шығарған тұлғаларға қатысты 4600 қорғау нұсқамасы шығарылып, оларды бұзғаны үшін 294 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 1096 құқықбұзушыға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді, оның ішінде 1091 адамға алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды, – деп атап өтті спикер.
Полиция өкілінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары ер адамдар да болуы мүмкін. Өткен жылы 19 ер адам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға арызбен жүгінген. Сондай-ақ өткен жылдан бастап психокоррекциялық жұмыстар енгізіліп, 16 агрессор тиісті емдеуден өтті. 2026 жылдың басынан бері психокоррекцияға 21 адам жолданды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында Павлодар қалалық полиция басқармасының арнайы қабылдау изоляторында профилактика кабинеті жұмыс істейді. Онда психологтармен, «Үміт Үзбеу» қоғамдық қорымен бірлесіп, заңнаманы түсіндіру, сондай-ақ психотерапия курстарынан өту ұсынылады.
Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Дағдарыс орталығы» ҚММ, «Дом Мамы» қоғамдық қоры, «Қорғау Астана» жеке қоры және Отбасын қолдау орталығы көмек көрсетуде.
Кездесу соңында Азамат Маратжанұлы азаматтарды қудалау белгілерін елемей қалмауға және уақтылы көмекке жүгінуге шақырды. Ерте әрекет ету жанжалдың ушығуына жол бермей, ықтимал құрбандарды қорғауға мүмкіндік береді. Өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе сталкингке тап болған барлық азаматтар полиция органдарына «111», «150» сенім телефондары, «102» арнасы арқылы хабарласа алады немесе Павлодар қаласы, Солтүстік өнеркәсіп аймағы, 258 мекенжайында орналасқан Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөліміне жеке қабылдауға келе алады.