
Павлодар қаласындағы жоғары инновациялық көпсалалы колледж студенттерімен полиция және әкімдік қызметкерлері кездесу өткізіп, экстремизмге, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл заңнамасының нормаларын және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мәселелерін түсіндірді.
— Студенттерге экстремистік және террористік сипаттағы қауіп-қатерлер туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндірілді. Жеке қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері айтылды. Қатысушыларға экстремизм мен радикалды көріністердің алдын алуға бағытталған бейнематериалдар көрсетілді, — деп хабарлады Павлодар қаласы ПБ экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Аян Анишев.
Интернет қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Киберполиция қызметкері Еркін Жеңіс интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары және киберқылмыскерлерге қарсы тұру әдістері туралы айтып берді.
Жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспектор Әсемгүл Арынғазинова жастарға ішкі істер органдарына қызметке қабылдану тәртібі, кандидаттарға қойылатын талаптар және кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.