
Әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы нәтижесінде тек қарым-қатынас форматы ғана емес, қылмыстың сипаты да өзгеруде. Бүгінгі таңда ең алаңдататын мәселелердің бірі — сталкинг, яғни адамның заңсыз қудалануы, көбіне онлайн кеңістікте басталып, кейін жеке қауіпсіздікке нақты қауіпке айналуы мүмкін.
Полиция мәліметінше, сталкинг — бір адамның екіншісіне қатысты қайталанатын, қажетсіз әрекеттерінің жиынтығы, оған қудалау, қажетсіз байланыстар мен сыйлықтар жатады. Көбінесе құрбандар әйелдер, ал қудалаушылар — бұрынғы немесе қазіргі серіктестер болады.
Мысалы, Ақсу қаласында таныс емес бір ер адам ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған аккаунттар жасап, қыз туралы жалған ақпарат таратып, оған интимдік қызмет көрсеткендей көрініс берді, сондай-ақ әртүрлі нөмірлерден қорқыту хабарламаларын жіберген.
Ұқсас жағдай Павлодар қаласында да орын алған: 29 жастағы ер адам әлеуметтік желілер арқылы қызды заңсыз қудалаған. Екібастұзда бұрынғы күйеуі WhatsApp мессенджері арқылы бұрынғы әйеліне денсаулығына зиян келтіремін деп қорқытып жүрген. Тағы бір Екібастұз тұрғыны полициядан көмек сұраған. Алты ай бойы таныс ер адам оны әлеуметтік желі арқылы заңсыз қудалаған.
— Сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әркімнің түсінуі керек: бұл ойын емес, жеке шекара мен қауіпсіздікті бұзу — қылмыс. Ешкім азаматтардың жеке өмірін немесе қадір-қасиетін бұзбауы тиіс. Желіде қудалау мен қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, — деп хабарлады Павлодар облысы ПД басшысының орынбасары Сафуан Жампейсов.
Маңыздысы, бұл бап бойынша қылмыстық қудалау нақты зиян болған жағдайда ғана басталады — мысалы, жеке өмірге қол сұғу, қозғалыс еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым көрсету.