Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары

Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары

С.М. Торайғыров атындағы мектепте полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары бүгінде жиі кездесетін интернет-алаяқтық түрлерін жан-жақты түсіндірді: фишингтік сайттар, банк қызметкерлері болып жалған қоңырау шалу мен хабарламалар жіберу, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу, сондай-ақ онлайн-сатып алулар кезіндегі алаяқтық.

Полиция қызметкерлері күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сын көзбен қараудың маңызын атап өтіп, күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны қолдану қажеттігін еске салды, сондай-ақ банктік карталардың кодтары мен деректемелерін үшінші тұлғаларға ешқашан бермеуге шақырды.

— Кездесу барысында қатысушыларға алаяқтық схемаларды тану, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеке деректерді қорғау бойынша практикалық ұсыныстар берілді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың ең кең таралған тәсілдері туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру мақсатында дайындалған ақпараттық буклеттер таратылды. Осындай іс-шараларды өткізу халық арасында сақтықты қалыптастыруға және интернет-қылмыстар санының азаюына ықпал етеді, — деп атап өтті Павлодар қаласы ПБ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Олжас Рашитов.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды.