«Toyota Aristo» автокөлігінің жүргізушісі жарты миллион теңгеден астам айыппұл жинаған

«Toyota Aristo» автокөлігінің жүргізушісі жарты миллион теңгеден астам айыппұл жинаған

– Жылдамдық режимін сақтау — бұл жай ғана ұсыныс емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды талабы.
Барлық ескертулер мен айыппұлдарға қарамастан, кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды жалғастыруда. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар қаласында «Оракул», «Кибер-Шериф», «ZEREK-2», «Мерген» автоматтандырылған бағдарламалық кешендері жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың осы кезеңінде ғана жылдамдық режимін бұзудың 10 383 фактісі тіркеліп, жолы кесілді - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Көрнекі мысалдардың бірі облыс орталығында орын алды. Полиция қызметкерлері «Toyota Aristo» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің 21 төленбеген айыппұлы бар екені, олардың жалпы сомасы 560 305 теңгені құрайтыны анықталды.
Нәтижесінде аталған көлік айыппұлдар толық өтелгенге дейін айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта жүргізуші барлық айыппұлды толық көлемде төлеп шықты.
Павлодар облысының полициясы айыппұлды 7 жұмыс күні ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік қарастырылғанын еске салады. Егер бұл мерзім өткізіліп алынса, айыппұлды 30 тәулік ішінде ерікті түрде толық төлеу мүмкіндігі бар. Аталған мерзім өткен соң қаулы жеке сот орындаушыларына жолданып, өндіріп алу мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.
Департамент полициясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауға, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінен, қоғамдық көлік аялдамаларынан өту кезінде, сондай-ақ тұрғын аймақтарда қозғалыс барысында қауіпсіз жылдамдықты таңдауға және айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады. Бұл мәжбүрлі шаралардың алдын алуға мүмкіндік береді.