
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады.
Осыған байланысты «Адал полицей» кең ауқымды іс-шарасы аясында Павлодар облысы Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған зияткерлік турнир өтті, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД.
Турнирге ПД аппаратының, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары полиция басқармаларының қызметкерлері қатысып, олар үшін ерекше сайыстар ұйымдастырылды. Полицейлер сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша білімдерін көрсетіп, тапқырлықтарын, ойлау жылдамдығын, стандарттан тыс шешім қабылдау қабілеттерін танытты. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» тақырыбында командалар шығармашылық тапсырмаларды орындады. Мысалы, фильмдерден үзінділер көрсетілгеннен кейін полиция қызметкерлерінің әрекеттерін заңнамаға сүйене отырып бағалау қажет болды.
Қазылар алқасы ережелердің қатаң сақталуын мұқият бақылады. Турнир барысында командалар жеңіс тұғырына өте аз ұпай айырмашылығымен жақындады.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Павлодар қаласы полиция басқармасының командасы иеленді.
Екінші орын — ПД аппараты командасына бұйырды. Ал турнирдің жеңімпазы атанған — Екібастұз қаласы ПБ мен Ақсу қаласы ПБ командалары. Жеңімпаз командалар ақпан айында өтетін өңірлік байқауға қатысатын болады.
—Мұндай іс-шаралар тек зияткерлік қабілеттерді ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істей білу дағдыларын да көрсетеді. Ал ұйымшылдық пен достық қарым-қатынас тек жарыстарда ғана емес, кәсіби қызметте де маңызды рөл атқарады, — деп атап өтті ведомствода.