
Павлодар қаласында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері заңнама талаптарын бұза отырып, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату дерегінің жолын кесті.
– Рейд барысында рұқсат құжаттарынсыз отшашуларды сату фактісі анықталды. Сонымен қатар, пиротехникалық өнімдер қауіпсіздік талаптарын бұза отырып сақталып, сатылған, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Фейерверктердің барлық партиясы тәркіленіп, тиісті тексеруге жіберілді. Тауарларды немесе өзге де заттарды заңсыз сатқан тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату және пайдалану, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Құқық қорғау органдары азаматтарды пиротехниканы тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.