
– «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында 1–14 желтоқсан аралығында Павлодар облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған республикалық «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша өңір полицейлері 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Атап айтқанда, көлік құралын басқару кезінде мобильді құрылғыларды пайдаланудың – 234 фактісі, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің – 147 жағдайы, мас күйінде көлік басқарған – 71 жүргізуші, бұрын көлік басқару құқығынан айырылған – 28 адам және қарсы қозғалыс жолағына шығудың – 9 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД.
Арнайы айып тұрағына 173 автокөлік қойылды.
Павлодар облысы Полиция департаменті алдын-алу шарасы аясында қабылданып жатқан шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғана бағытталғанын еске салып, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.