Кадет сыныбында полицейлер ерлік сабақтарын өткізді

Кадет сыныбында полицейлер ерлік сабақтарын өткізді

– «Заң мен Тәртіп» идеологиялық жоспарын іске асыру аясында Павлодар облысының полицейлері Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары туралы» Жарлығының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «Ерлік сабағын» өткізді.
Кездесуге Павлодар облысы Полиция департаментінің төтенше жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған қызметкерлері – полиция майорлары Елдос Қойкен мен Қуаныш Жаябаев шақырылды, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД.
Іс-шара барысында оқушылармен патриотизм, Отанға адалдық тақырыптарында әңгіме жүргізіліп, полицияның қылмыспен күресудегі және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы рөлі туралы айтылды.
Кадеттерге жасалған ерлікке қатысты бейнероликтер көрсетіліп, қызметкерлер сол оқиғалар жайында баяндап, қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.
Еске салайық, ағымдағы жылдың сәуір айында Павлодар облысының Аққулы ауылында учаскелік полиция инспекторы Елдос Қойкен суға батып бара жатқан әйел туралы хабар алып, бір сәт ойланбастан өзенге секіріп, екі баланың анасын өлімнен құтқарған.
Ал 2023 жылдың мамыр айында Тереңкөл ауылын патрульдеу кезінде учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Жаябаев өртке оранған үйден 14 жастағы жасөспірімді алып шыққан.
Полицейлердің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында адам өмірі сақталып қалды.
Кездесу барысында оқушыларға Қазақстан Республикасы ІІМ-нің оқу орындарына қабылдау тәртібі туралы ақпарат беріліп, бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық буклеттер таратылды.
— Полиция қызметі – кейде қауіпті, бірақ аса маңызды әрі қажет жұмыс, ол ерлік пен батылдықты талап етеді. Бұл сөздерді өз істерімен дәлелдеген біздің қаһарман полицейлеріміз бар, біз солардан үлгі алуымыз керек, – деді кадет Жақып Эльхан.
Іс-шара жеке тұлғалық дамуға бағытталған маңызды сабаққа айналып, оқушылар полиция мамандығы рухы мықты, жауапкершілігі жоғары және бейжай қарамайтын жандардың таңдауы екенін түсініп, биік мақсаттарға ұмтылуға және қоғамға пайдалы іс атқаруға ынталанды, – деп атап өтті ведомствода.