
Павлодар облысы аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда және олардың жолын кесуде.
Іс-шараның екі күні ішінде облыс аумағында 26 қылмыс ашылды. Екі қылмыскер және ұрлық жасағаны үшін есепте тұрған 24 адам ұсталды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, 922 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Олардың қатарында – ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь ішімдіктерін ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүруі сияқты құқықбұзушылықтар бар.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі бағытында жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 73 жүргізуші, қарсы жолаққа шыққаны үшін 9 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ал көлікті мас күйінде басқарған 13 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.
312 адам уақытша бейімдеу және айықтыру орталықтарына жеткізілді.
Полиция департаменті азаматтарды жедел-профилактикалық іс-шараны түсіністікпен қабылдауға және облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.
Тәртіп бұзған жағдайда құқықбұзушылар заң аясында жауапқа тартылады.