Павлодар қаласында Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері бас бостандығынан айырылған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған «Жаңа жол» атты профилактикалық акция өткізуде.
Акцияның негізгі мақсаты — мұндай азаматтарға толыққанды әрі заңға бағынған өмірге оралуына қолдау көрсету, қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамға табысты интеграциялануы үшін жағдай жасау.
Акция аясында учаскелік полиция инспекторлары тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттерге жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгімелер өткізілуде, алкоголь мен психобелсенді заттарды қолданудың зияны түсіндірілім, салауатты өмір салтын ұстану бойынша ұсыныстар берілді.
- Сонымен қатар, жұмыспен қамту, медициналық көмек көрсету және психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері денсаулық сақтау ұйымдарымен және жұмыс берушілермен өзара әрекеттесе отырып, азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеуге, профилактикалық тексеруден өтуге және мамандардан кеңес алуға көмектеседі,- деп хабарлады Берик Каткенов, Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы.
Бұдан бөлек, босатылған азаматтардың туыстары және жақын ортасымен де жұмыс жүргізілуде. Бұл — отбасылық байланыстарды нығайтуға және әлеуметтік оқшаулануды азайтуға бағытталған.
«Жаңа жол» акциясының арқасында бұрын сотталған көптеген азаматтар жаңа өмір бастауға мүмкіндік алып, жұмысқа орналасып, қоғаммен қайта байланыс орнатып, табысты бейімделіп келеді.
Акция тұрақты негізде жүзеге асырылып, қайталама қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда оң нәтиже көрсетіп отыр.