Мал ұрлығы ауылдық жерлерде кең таралған қылмыстардың бірі болып отыр. Қылмыскерлер көбінесе топ болып әрекет етіп, ауыл тұрғындарына елеулі материалдық шығын келтіреді. Статистикаға сәйкес, мал ұрлығының саны суық түскен кезде арта түседі.
- Жыл басынан бері Павлодар облысы аумағында 34 мал ұрлығы тіркеліп, 322 бас мал ұрланған. Мал ұрлығын жасағаны үшін 20 адам және 3 қылмыстық топ ұсталды. 142 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды. Көптеген елді мекендерде бақташының жоқ екенін біле тұра, аудан тұрғындары малдарын қараусыз еркін жібереді. Тек малынан айырылғанда ғана иелері полицияға жүгінеді. Оның өзінде бірден емес, көбінесе жоғалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ғана хабар береді. Мал ұрлығының деректерінің барлығы дерлік қараусыз жайылымдардан жасалған, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Полиция мәліметінше, облыста қараусыз қалған жануарларға арналған 146 арнайы тұрақ жұмыс істейді. Онда иесіз жүрген 16 684 бас мал қамалған, оның ішінде автожол бойында қараусыз жайылып жүргендері де бар. Полиция 1382 мал иесін анықтап, малды дұрыс бақпағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырды.
Сондай-ақ полиция заңсыз сойылған мал еті саудалануы мүмкін базарларды бақылауды күшейтуге ерекше назар аударады. Бұл бағытта тәртіп сақшылары жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, мал иелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Ведомствоның хабарлауынша, биылғы кезеңде жедел уәкілдердің күшімен ветеринария саласында 130 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 125-і құжатсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдауға, 5-еуі құжатсыз мал мен ет өнімдерін сатуға қатысты деректер.
Павлодар облысының полиция департаменті мал иелерін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Әр жануарды міндетті түрде таңбалау және идентификациялау қажет. Малды қараусыз қалдырмай, арнайы белгіленген жайылымда, тұрақты бақылауда ұстау керек.
- Барлық бақташылар білуі тиіс: егер жайылым маңына бейтаныс көлік немесе атпен жүрген адамдар келсе, олардың кім екенін, қандай мақсатпен келгенін анықтау қажет. Бейтаныс адамдар мен олардың көлігін фото/видеоға түсіріп, дереу 102 нөміріне хабарлау қажет, – деп атап өтті ведомство.