Полициядағы жасанды интеллект

Полициядағы жасанды интеллект

Павлодарда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Вячеслав Ипатов мәлімдеді.

– Жоба аясында облыс орталығында шамамен 5000 бейнабақылау камерасы, «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері және 3000 жалпы бейнабақылау камерасы орнатылады. Жоба жол-көлік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, себебі камералар тылдық қамтамасыз ету нысандарын, адамдар көп жиналатын орындарды және бейбіт митингілер өтетін жерлерді қамтитын болады. VMS «Target-ai» бейнеплатформасындағы жасанды интеллект құралдары іздеуде жүрген тұлғаларды, төбелес пен зорлық-зомбылықты, рұқсат етілмеген адамдар жиналуын, түтінденуді, қалдырылған заттарды анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Вячеслав Ипатов.

Ведомство нақтылап өткендей, барлық камералар жедел әрекет ету үшін Оперативті басқару орталығына шығарылатын болады. Қазіргі уақытта камералар мен датчиктердің дәл бапталуы, радарлардың, деректерді өңдеу орталығымен байланыстың, ақпаратты дұрыс тану мен берудің тексерісі жүргізілуде. Бұл кешендердің ақаусыз жұмыс істеуі, нақты нәтижелер көрсетуі және ресми түрде пайдалануға берілуі үшін қажет. Дайындық жұмыстары аяқталған соң, камералар Оперативті басқару орталығына шығарылып, «ЕРАП» жүйесіне қосылады.

Спикердің айтуынша, жоба құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде бақылап, тіркеуге, деректерді талдау арқылы ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Полиция өкілдері бұл жүйені енгізу құқық қорғау органдарының қызметінің ашықтығын арттырып, халықтың сенім деңгейін көтереді, сондай-ақ қоғамдық орындар мен жолдардағы қауіпсіздікті арттырудың тиімді құралына айналады деп есептейді.