Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен Павлодар қаласы аумағында 2025 жылдың 1 маусымынан 10 шілдесіне дейін «Тик-Ток» әлеуметтік желісінде «Oncharge» дүкені атынан жарнама жариялап келген қылмыстық топ анықталды.
- Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралар барысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары анықталды: Павлодар қаласының 17 және 19 жастағы үш тұрғыны, олар өз қызметі аясында ұялы телефондарды сату туралы хат алмасулар жүргізген. Сондай-ақ, алданған азаматтардың ақшалай қаражаты аударылған дропперлер де анықталды,- деп хабарлады Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы басқармасының бастығы Асхат Абетжанов.
Қазіргі уақытта аталмыш топтың әрекетінен зардап шеккен әртүрлі облыстардың 18 жәбірленушісі белгілі болды. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша тергелуде. Оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде – келу міндеттемесі таңдалды.