Миграциялық заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Полиция шетелдіктердің тұрғылықты жерлерін, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдар мен шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексеруде. Миграциялық ахуалды талдау көрсеткендей, шетел азаматтары елге заңды түрде кіреді, алайда бірқатар жағдайларда миграциялық заңнаманы бұзушылар қатарына өтеді және бұл орайда оларға Қазақстан азаматтарының өздері де жәрдемдесіп жатады. Бұзушылықтардың елеулі бөлігі шетелдіктерді тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ жұмысқа тартумен байланысты.
– Мәселен, ЖПІШ-ның бірінші күні Екібастұз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері қаладағы 6 нысанда – үш зауытта және құрылыс алаңдарында тиісті жергілікті атқарушы органның рұқсат құжаттарынсыз, не еңбек етуге қажетті рұқсатсыз заңсыз жұмыс істеп жүрген 22 шетелдік азаматты анықтады. Барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды,- деп хабарлады Павлодар облысы Екібастұз қаласы Полиция басқармасы.